"Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы"
мемлекеттік мекемесі

Ресми интернет-ресурс

Версия для слабовидящих

Сенім телефоны:
+7 7182 322288

Павлодарлық Денис Романов дизайнерлік шешімдер конкурсында бас жүлде мен екі миллион теңге ұтты

 

к1 к2

Павлодарлық Денис Романов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен дизайнерлік шешімдер конкурсында бас жүлде мен екі миллион теңге ұтып алды.

Бұл туралы конкурсты ұйымдастырушы «ҚазАқпарат» ХАА хабарлайды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау әрі оны халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында дизайнерлік шешімдер үшін конкурс ұйымдастырған болатын. Сонымен қатар, бұл байқау арқылы шығармашылық ортаны қолдай отырып, заманауи мәдениетті «Рухани жаңғыру» құндылықтарымен жақындастыра түсу көзделген.

Конкурсқа жұмыстарды қабылдау 1 қарашадан басталып 15 желтоқсанға дейін жалғасты. Ұсынылған жұмыстар «Білім культі», «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді тақырыптарға сәйкес қабылданды.

Әрбір қатысушы немесе ұжым аталған 6 бағыттың әрқайсысына тек 1 ғана жұмысын ұсынуға мүмкіндік алды. Көптен күткен конкурстың шешімі бүгін Астанада жарияланды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев осынау маңызы жоғары байқаудың өтуіне мұрындық болған «ҚазАқпарат» ХАА ұжымына алғыс білдірді. «Шынында да, бұл өте жарқын бәйге.

Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды құттықтағым келеді. Осы байқауда жеңіске ілікпеген қатысушы міндетті түрде келесі байқауда топ жаратынына сенімім зор. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеясы осынау еңбектерде көрініс тауып жатыр. Өз ісінің мамандары ғана емес, байқауға жас буынның өкілдерінің бір кісідей атсалысқаны қуантады», - дейді вице-министр. Жеңімпаздарды сонымен бірге, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров құттықтады. «Ең алдымен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне осындай байқауға қолдау білдіргені үшін алғыс айтқымыз келеді.

Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманда қоғам көп ақпаратты визуалды түрде қабылдайды. Біздің байқауға 150-ден астам жұмыс келіп түсті. Таңдау өте қиын болды. Қазылар да бірнеше рет жеңімпазды анықтау оңайға түспегенін айтып жатыр. Түскен жобалар біздің қоғамда Елбасының бағдарламасын қалай жақсы қабылдағанын көрсетіп отыр», - дейді агенттік басшысы.

Байқаудың бас жүлдесін Павлодар қаласынан келген Денис Романов жеңіп алды. Байқаудың жеңімпазына 2 миллион теңгенің сертификатын Алан Әжібаев табыстады.

Ал жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Назарбаев Университетінің студенті Мадина Мұқановаға «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров 1,5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Екінші орынды (1 миллион теңге) Павлодар қаласынан келген Рустам Саримов ұтып алса, үшінші орын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Сәуле Жиенқұловаға (500 мың теңге) бұйырды.

Байқаудың қорытындысы төрт орынмен ғана шектеліп қалған жоқ. Конкурсқа қатысқан Карина Богумбаева (100 мың теңге), Мереке Мұгиын (100 мың теңге), Сабина Рысқұлова (100 мың теңге), Всеволод Риго Себастьен (100 мың теңге), Аңсаган Мұстафа (200 мың теңге), Қуат Айдан мен Дилшат Мағауина (бірлескен авторлығы, 200 мың теңге), Виктория Асерчеваға (200 мың теңге) арнайы жүлде табысталды.

 «Арнайы жүлдеге іліккендердің ішінде мектеп оқушылары да бар. Себебі, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы ең алдымен жастардың болашағы үшін жарияланып отыр. Үш қатысушы жас болса да, өзінің мықтылығын дәлелдеп отыр. Жас болса да, елдің болашағына көзқарасын білдіріп жатыр. Сондықтан, жастарды да көтермелеуді жөн деп шештік. Тіпті сонау Қарағанды облысының ауылынан бір оқушы келіп, жүлдеге ілікті. Құттықтап қояйық», - деді Асқар Умаров.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін аталған байқауға 137 жұмыс келіп түсіп, оның 120-ы байқау талаптарына сәйкес келген болатын. Қазақстанның барлық түкпір-түкпірінен жұмыстар келіп түсіп, тіпті Франция елінен де бір жұмыс жолданған. Еске сала кетсек, байқауды өткізу барысында «ҚазАқпарат» ХАА порталында онлайн-дауыс беру жүргізілді. Конкурстың жеңімпаздарын құрамында 7 адамы бар қазылар алқасы анықтады. Шынайы әрі әділ шешім шығару үшін конкурстың қазылар құрамына төрт елдің өкілі енгізілді. Атап айтқанда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан, Ресейдің «ТАСС» ақпарат агенттігінің инфографика тобының басшысы Алексей Новичков, «Жэньминь хуабао» Қытай баспасының директоры Юй Тао, «Анадолы Агенттігінің» жетекші дизайнері Мұстафа Фуат, FineDesign жарнама агенттігінің директоры Тигран Туниянц пен «ҚазАқпарат» ХАА инфографика және веб-дизайн қызметінің жетекшісі Бахтияр Аменов үздіктердің үздіктерін анықтады.